Қазақстандық ұшақтар Иран мен Ирактың әуе кеңістігін айналып ұшпақ

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясының хабарлауынша, Иран мен Ирак әуе кеңістігі жабылуына байланысты Air Astana мен FlyArystan-ның тұрақты және чартерлік рейстерінің бағыты өзгертіледі.

“Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха, Манама және Мединаға баратын рейстер Иран мен Ирактың әуе кеңістігін айналып өтеді” деп хабарлады Air Astana.

Әуе компаниясы ұшу мен қону уақыты өзгеруі мүмкін болғандықтан жолаушылардан рейстердің статусын алдын ала тексеруді сұрады.

Әуе компаниясының бұл хабарламасы Таяу Шығыста жағдай ушыққан шақта жасалып отыр.

13 маусымға қараған түні Израиль Иранға әуеденсоққы жасаған. Иранның бірнеше қалаларында ондаған нысанға соққы тигені хабарланды. Иранның ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы және өзге бірнеше жоғары лауазымды тұлға, сонымен бірге ядролық бағдарламаға қатысы бар делінетін бірнеше ғалым опат болған. Израиль шабуылдың мақсаты "Иранның ядролық бағдарламасын жою" екенін мәлімдеді.

Ал Иран Израильге қарымта қайтаратынын ескертті. Израиль әскерінің хабарлауынша, 13 маусымда жүз шақты дрон Израильге қарай бағыт алған.

АҚШ операцияға қатысы жоғын және Израильдің шабуылы АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты келіссөзге кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, Тегеран осы жексенбі күні Оманда өтуі керек болған ядролық бағдарлама бойынша келіссөзден бас тартқан.