Қазақстандықтар үшінші тоқсанда Starlink терминалдарын сатып ала алады

Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі мен америкалық Starlink компаниясы спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында іске қосу туралы келісімге қол қойды. Елде Starlink терминалдары биыл үшінші тоқсанда (шілде-қыркүйек) сатыла бастайды. Енді қазақстандықтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркей алады.

"Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады" деді цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Министрліктің айтуынша, Starlink-тің көмегімен жоғары жылдамдықты интернетке ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандары қол жеткізе алады.

"Бұл әсіресе талшықты-оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр" дейді ведомство өкілдері.

Қазіргі кезде жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылады.

Десе де, Starlink жабдықтары мен абоненттік төлем қымбат болады деген болжам айтылады. starlinkinsider.com мәліметінше, Моңғолияда ай сайынғы абоненттік төлем құны – 27 мың теңге. Жабдықтары жеткізуді есептегенде 243 мың теңге.

Starlink сайтының картасында Қазақстан аталған жүйеге 2025 жылы қосылатыны көрсетілген.

Америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының спутниктік интернеті көптеген елдерде істеп жатыр.

SpaceX компаниясының Starlink ғаламдық жүйесі шалғай елдімекендерді, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз ету үшін және автократ режиміндегі елдерде ақпарат цензурасыз таралуы үшін құрылған. Осы мақсатта SpaceX Жер орбитасына шамамен 2300 спутнигін ұшырған. Желінің қызметін қолдану үшін станциядан бөлек терминал керек.