АҚШ Бағдаттағы елшілігін жартылай көшіруге дайындалып жатыр

АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі

АҚШ Ирактағы елшілік қызметкерлерінің бір бөлігін көшіруге дайындалып жатыр. Бұған қоса, бірқатар Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық қызметкерлердің туыстарына тұрып жатқан елден кетуге рұқсат берген. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Пентагон мен АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми тұлғалары мен дереккөздерге сүйенген халықаралық басылымдар, оның ішінде Reuters те жазды.

АҚШ мемлекеттік департаменті кейін ақпаратты растады.

АҚШ пен Ирактағы дереккөздер эвакуацияны аймақта қауіп-қатер артуымен байланыстырды. Ақ үй өкілдері де ақпаратты растады, алайда Ирак елшілігіндегі қанша адам кететінін нақтыламады.

Сарапшылар соңғы оқиғаларды АҚШ пен Иран арасында жағдайдың ушығуымен байланыстырып отыр. Екі ел арасында ядролық келісімшарт бойынша келіссөзде ілгерілеушілік байқалмайды. Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран уранды байытудан бас тартпайтындығына барған сайын көз жеткізіп келе жатқандығын айтты.

Вашингтондағылар егер келіссөз сәтсіз аяқталса, АҚШ шара қолданатынын – тіпті Иранға соққы жасауға дейін баратындығын жоққа шығармады. Ал Иран билігі ядролық қаруға ұмтылмайтындығын айтып отыр. Тегеран бір мезетте уранды байытудан бас тартпайтындығын да жеткізді.

АҚШ-тың Таяу Шығысқа жауапты Орталық қолбасшылығының басшысы генерал Майкл Курилла 9 маусымда АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы жиын кезінде Иранға соққы беру жоспарын дайындағанын айтты. Ол оны қорғаныс министрі Пит Хегсет пен президент Дональд Трампқа тапсырған. Иран қорғаныс министрі Азиз Насирзаде сәрсенбі күні АҚШ Иранға соққы берсе, Иран аймақтағы америкалық базаларға соққы беріп жауап береді деді. Американың базалары Кувейт, Катар, Бахрейн, БАӘ және Иракта орналасқан. Дегенмен Иракта ираншыл күштердің ықпалы басым.