Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "адам азаптады" деп айыпталған (146-бап, 3-бөлік) Жаңаарқа аудандық полициясының үш қызметкерінің әрқайсысына 5 жыл түрме жазасын берді. Бұл жөнінде сотқа сүйенген жергілікті Іnbusiness.kz сайты жазды.
Сот мәліметіне қарағанда, былтыр 14 тамызға қараған түні полицейлер ұсталған ер адамды аудандық полиция бөлімінің дәретханасында ұрып-соққан. Жәбірленуші орташа дәрежеде жарақат алған.
Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Соттың хабарлауынша, олардың кінәсін "жәбіренуші мен куәгерлердің жауабы, сот-медициналық қорытындысы, айыптау тарабы келтірген заттай айғақтар" дәлелдеген.
Сот екі сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын - жағдайды жеңілдететін жайт ретінде, полицей антын бұзғандарын жағдайды ауырлататын жайт ретінде қарастырған. Сот үшеуін 3 жыл мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында қызмет атқаруына да тыйым салған. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген деп айтылады.
Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық актіні ратификациялаған. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанның қамау орындарында азаптау тыйылмай отырғанына алаңдап, мұндай қылмысқа кінәлілердің көп жағдайда жазасыз қалатындығын айтқан.
Қазақстан билігі елде «азаптау қылмысына төзбеушілік» бар деумен келеді. 2019 жылдан бастап азаптау бойынша сотталғандар рақымшылық, істің ескіруі, өкіну және тараптардың татуласуы негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. 2023 жылдан бастап азаптау бойынша айыпталғандарға шарты жаза берілмейді. 2023 жылдың наурызында Қазақстанда азаптауға қарсы шара ретінде түрмелер мен полиция орындарын міндетті түрде бейнебақылаумен жабдықтау туралы ереже күшіне енді.
Прокуратураның 2025 жыл қаңтарындағы мәліметіне сәйкес, елде азаптау бойынша 126 адам сотталған. Олардың алтауы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Қазақстандық Адам құқығы бюросының дерегінше, 2009 жылдан бері Қазақстаннан БҰҰ-ға азаптау бойынша көп шағым түскен, бірақ Қазақстан билігі БҰҰ шешімдерінің заңды күші жоқ және тек рекомендация сипатында деп есептейді, осылайша жауапкершілікті өзіне алмайды.