"Кім екенін білемін, бірақ қауіпсіздігіме алаңдаймын". Журналистерге шабуылдың артында кім тұр?

Кейінгі екі аптада "Обожаю" жобасының авторы Асхат Ниязов, Ulysmedia жетекші Самал Ибраева, KazTag бас редакторы Әмір Қасенов өздеріне ақпараттық, кибер шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Ал санаулы күн бұрын Orda.kz сайтының бас редакторы әлдекімдер басылымды рейдерлік жолмен тартып алуға әрекет жасалып жатыр деді. Мұның астарында не жатыр?

"БИЛІКПЕН БАЙЛАНЫСҚАН ЫҚПАЛДЫ АДАМДАР"

Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенова басылымды рейдерлік жолмен тартып алуға әрекеттенген кім деген сұраққа жоғары билікпен байланысы бар әлдебір ықпалды адамдар деп жауап берді. Журналистің айтуынша, олар сайтты басқа медиалармен бірге бір орталыққа қосқысы келеді. Журналисті бұл талап орындалмаса, "өмірмен қош айтысасың" деп те қорқытқан.

– Мені алып тастағысы келіп жатыр. Сайттың меншік құқығын мен ешқашан көрмеген адамға жазып бермекші. Мен "жоқ" дедім. Мен күресемін, сот арқылы күресемін. Құқық қорғау органдарына арыз түсіремін. Бұл туралы көпшілікке мәлімдедік.
Мойындаймын, бұл мәселені лобби арқылы, яғни саяси арналар арқылы шешуге тырыстым. Жағдай ушығып бара жатқанын көріп, қорған іздедім. Олар менің қабірімнің суретін барлық жерге таратып жүр, ал кеше маған хат жазып, қорқытты. Жазған хаттарын ашасың, оқып үлгеремін, сосын бірден өшіп кетеді. Олар: «Осыны жаса, әйтпесе бұл сурет шындыққа айналады, – дейді Orda.kz бас редакторы.

Гүлнара Бажкенованың айтып отырғаны – желідегі әлдебір парақшаға оның қайтыс болғаны туралы ақпарат шығып, оған ескерткіш тақтаның суретін қоса жариялаған. Журналист жақында баспасөз мәслихатын өткізіп, болып жатқан қысымның бәрін айтамыз дейді. Әзірге полицияға арыз-шағым түсірмек.

Бажкенова: "Мен үшін Orda.kz сайтының ары қарай жұмыс істеу маңызды болған соң бірер жыл бұрын келісімге барғанмын, уақыт өте келе олардың талап-қысымы күшейе берді" дейді. Оның сөзінше, редакцияға түрлі қысым жарты жыл бойы тоқтаусыз жалғасып келеді. Журналистердің мекенжайына өзін полиция өкілі деп таныстырған адамдар келіп, көршілеріне олардың фотороботын көрсетіп, іздеуде жүргенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналистер телефон шабуылға шағымданды. "Қысымның жаңа түрі" жөнінде айтыла бастады

Редакция қызметкерлерінің телефон нөмірлері мен жеке деректері интимдік қызмет көрсететітін шетелдік платформаларға жарияланады немесе OLX cайтына арзан заттар жарнамасына тіркеп жібереді. Сондай-ақ фейк-аккаунттар ашылып, журналистер туралы жалған ақпараттар таратады дейді бас редактор. Orda.kz сайтының Instagram парағы да спам-шағымдар кесірінен бұғатталып, Meta компаниясының қолдау орталығы арқылы қайта қалпына келтірген.

2023 жылы Қазақстанда бірнеше журналистің көлігі өртеніп, медиаларға қысым жасалған уақытта да Orda.kz сайты қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеген. Сол кезде белгісіз біреулер редакцияға шошқаның басы оралған қорап жіберген. Басылым 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізінен орыс тілінде хабар таратады. Сайттың қазақ және ағылшын беттері де бар.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБУЫЛ ҚАЛАЙ ЖИІЛЕДІ?

Кейінгі апталарда Orda.kz редакторымен қатар "Ұлысмедиа", ҚазТАГ сайттары мен "Обожаю" YouTube-арнасының журналистері де белгісіз біреулердің қысым көрсетіп, арандатып жатқанын айтты. Кейбіріне интим қызмет талап етіп қоңырау шалып, хат-хабарлама жіберген. Олар мұны журналистік қызметке кедергі деп біледі.

Әкім-министрлердің жұмысын сынап танылған "Обожаю" YouTube-арнасының негізін қалаушы, журналист Асхат Ниязов жақында ақпараттық қысымның құрбанына айналдым деді. Оның сөзінше, кейінгі бірнеше ай өзі, әйелі және әріптесі Назымгүл Күмісбаева кибер шабуылға тап болған. Әлдекімдер әлеуметтік желідегі аккаунттары мен банк шоттарын бұзып, мыңдаған несие рәсімдемек болған.

"Күн сайын кешке Telegram-да ма, әлде танысу сайттарында ма, әлдебір қыз басы бос жігіттерді шақырып, хабарлама береді. Бірақ ылғи менің пәтерімнің мекенжайын көрсетеді. Сөйтіп әлгі жігіттердің бәрі, кейде масаң, кейде бейадекват күйде келіп, есігімізді тарсылдататын. Кейде үйде болмаймын. Білесіздер, қызметіме байланысты жиі сапарлап кетемін. Сол кезде әйелім мен бес жасар қызым түн ортасында осындай адамдардан қорғанатын" дейді Ниязов.

Осыған ұқсас жағдайға "Ұлысмедиа" бас редакторы Самал Ибраева да тап келгенін мәлімдеді. Айтуынша, оның жеке деректері интим қызмет көрсететін сайтта жарияланған. Осыдан соң телефонына ұятсыз ұсыныстар мен қоңыраулар түсіп, маза бермеген. Ол полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалған. Ибраева мұны "сөз еркіндігіне төнген қауіп, ашық қорқыту әрекеті" деп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған.

Бірер күн бұрын ҚазТаг бас редакторы Әмір Қасенов те өзіне қарсы науқан басталғанын айтқан. Оның сөзінше, өзіне жала жапқан материалдар шетелде тіркелген платформаларда жарияланған. Ақпараттық шабуылды ол Freedom Finance-тағы заңсыз әрекеттерді ашық жазғанымен байланыстырады. Бұл компания Ресейде туып, кейін Қазақстанға көшіп келген кәсіпкер-миллионер Тимур Турловқа тиесілі.

Қазақстанда біржақты пропагандамен айналыспайтын, тәуелсіз журналистердің кәсіби міндетін атқаруға кедергі жиі кездеседі.

Мәселен, теміртаулық журналист Олег Гусев бір жарым жылдан бері күдікті статусында. 2023 жылы Алматыдағы "Кенжехан" базары жайлы зерттеу жариялап, басы дауға қалған. Ол мақаласында жергілікті белсенді Елена Садуақасова туралы ашық деректерден мәлімет келтірген. Бірақ Садуақасова жеке дерегімді жариялады деп, тілшіні сотқа берген.

Жалған ақпарат тарату" бабымен сотқа тартылған тағы бір журналист – Кирилл Павлов. Жақында сот оны кінәлі деп танып, айыппұл салды. Іске ауыл шаруашылығы министрлігінің арызы негіз болған. Ведомство Павловты «Қазақстанда шегірткенің таралу аймағын асыра көрсетті» деп айыптаған. Павлов мұны «журналиске қысым» деп бағалайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АШМ шегіртке мәселесін көтерген агроблогер Кирилл Павловты сотқа берді. Тараптар не дейді?

Кеңсе терезесінің әйнегін шағу, көлігін өртеу, пәтерінің есігіне желім жағу, редакцияға түрлі сәлемдеме жіберу сынды Қазақстанда журналистерге жасалатын қоқан-лоқы аз емес. Полицияға арыз жазылады, кейде іс қозғалады, күдіктілер сотталады. Кейде арыз-шағым сол күйі қаралмай қалып қояды. Әлемде баспасөз еркіндігі индексін бағалайтын "Шекарасыз тілшілер" ұйымы есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142 орында тұр.

"Ұлысмедиа" редакциясына қысым туралы ақпарат шыққанда ішкі істер министрі Ержан Сәденов кінәліні анықтап, жазасын береміз деді. Баспасөз құралдарына қысым, кибершабуыл туралы хабар жиілеген тұста журналистер мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан да пікір сұраған.

– Бұл әрекеттер тек жекелеген тәуелсіз журналистерді қаралау немесе қорқыту үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жалпы мемлекеттің беделін түсіру мақсатында жасалып жатыр. Яғни, оларды біздің жауларымыз деуге болады. Олармен күресу керек, – деді Балаева.

"Ұлысмедиа" бас редакторы Самал Ибраева өзіне қарсы шабуылдың артында кім тұрғанын шамалап болса да білем дейді. Азаттық одан шабуылдың артында кім тұрғанын, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жариялағалы бері ахуалдың қалай өзгергенін сұрады.

"ИНТИМ САЙТҚА ШЕНЕУНІК СУРЕТІ ШЫҚСА, ҚЫЛМЫСКЕР БІР КҮНДЕ ҰСТАЛАР ЕДІ"

– Қоқан-лоқы көрсету жалғасып жатыр ма? Дәл қазіргі ахуал қандай?

"Ұлысмедиа" басылымының бас редакторы Самал Ибраева (сол жақта).

– Қоқан-лоқыға бүгін (сұхбат 2025 жылғы 12 маусым күні алынды – ред.) тура екі апта екен. 29 мамыр күні сағат 13:00 кезінде басталған, содан мінекей 14 күн өтті. Әрине, басында күніне жүздеген қоңыраулар, жүздеген хаттар түсіп жатты. Қазір қарқын сәл азайған, бірақ жалғасып жатыр.

– Қандай оқиғамен, болмаса қандай жаңалықпен, мақалмен байланыстырасыз?

Мен мұны журналистік қызметіммен байланыстырамын.

– Мен енді мұны әрине журналистік қызметіммен байланыстырамын. Бірақ нақты қай материал, кім болуы мүмкін деген нұсқаны дәл қазір айта алмаймын. Сіздер түсіну үшін айтайын, кәдімгідей интим қызмет ұсынатын сайтта менің фотомды бір жалаңаш әйел бейнесіне қосып, менің телефон нөмірімді жариялаған. Моральдық тұрғыда қиын болса да, біз жұмысымызды істеп жатырмыз.

– Сіз әлеуметтік желіде бұл оқиғалардың кім тұрғанын білетін сияқтымын, шамалаймын деген пікіріңізді көріп қалдық. Яғни өзіңіздің ойыңызда белгілі бір адамдар, белгілі бір топтар бар ғой?

– Тергеушілер де кім болуы мүмкін деп сұрап жатыр. Қазақстанда тұрып жатқан кәмелетке толмаған балаларым бар, отбасым бар. Сондықтан да мен мұны жариялауға дайын емеспін. Өтініш жазғаннан кейін тек бесінші күні ғана қылмыстық іс қозғалды. Қазір мінеки 14 күн өтсе де, әлі күнге дейін менің телефон нөмірім, анкета дейді ме сайттағы, бәрі әлі күнге дейін жарияланған. Ол ешқалай өшірілген жоқ. Бір аптадан кейін тек фотосы өзгерді, бірақ ол әлі күнге дейін тұр, әлі күнге дейін маған түні бойы қоңырау шалады, жазады.

– Құзырлы органдар осы істі соңына дейін жеткізеді деп ойлайсыз ба?

– Сайт әлі де ашық жұмыс істеп тұр, бұғатталмады. Дәл тура солай жалаңаш күйде, телефон нөмірмен біздің шенеуніктерді жарияласа, біздің билік ол сайтты бір күнде бұғаттап, бір күнде қылмыстық іс қозғап, бір күнде қылмыскерлерді табар еді. Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаевтың атына үндеу жариялауға тура келді. Соның өзінде мінеки 14 күн болды, әлі күнге мәліметтер жарияланған. Әлі күнге дейін айыпталушылар жоқ. Ең бастысы, сайт ашықтан ашық жұмыс істеп тұр.

– Сол үндеуіңізді қылмыстық істі жеке бақылауыңызға алуды сұрағансыз. Президенттен қандай да бір жауап болды ма?

– Жоқ, президенттен жауап болған жоқ. Бірақ мен сол үндеуді жариялағаннан кейін менің ісім Есіл аудандық полиция бөлімшесінен Астана қаласының полиция департаментіне ауысты. Департаментпен бірге кибер полиция дейтін бөлім бар екен, солардың қатысуымен арнайы штаб құрылды. Оған жедел мамандар, тергеуші кірген. Соған қарағанда, сол менің үндеуімнен кейін арнайы топ құрылған. Бірақ әзірге нәтиже жоқ, өкінішке орай.

– Осының артында тұрғандарды шамалаймын дедіңіз ғой, атын атамасаңыз да, билік өкілдерінің қатысы бар ма? Сіз күдіктеніп отырған азаматтардың дәл қазіргі билікпен байланысы, қатысы қаншалық?

– Мен енді ол жағын қазір айта алмаймын.

– Осыдан екі жыл бұрын, 2023 жылы сізге алматылық журналистер Динара Егеубаева мен Вадим Борейкоға осы түрлі қысым, шабуыл жасалып, соңында күдіктілер ұсталып, ақыры бірнеше адам сотталған. Негізгі күдіктіні психиатриалық стационарға жіберген еді. Кейінгі оқиғалардың солармен байланысы бар ма?

– Мен бұл оқиғалардың ұсталған адамдармен байланысы бар деп санамаймын. Бұл басқа топ, басқа адамдар.

– "Ұлысмедиаға" мұндай қысымның бір ұшы сіздерді қаржыландырып отырған адамдарға қарсы бағытталған шара емес пе?

Таза жарнама берушілердің арқасында күн көріп отырмыз.

– Бізді қаржыландырып отырған адамдар жоқ. "Ұлысмедиа" таза жарнама берушілердің, жеке сектордағы жарнама берушілердің арқасында жұмыс істеп отырған тәуелсіз медиа. Дәл қазір мемлекеттен бір тиын алып отырған жоқпыз. Таза жарнама берушілердің арқасында күн көріп отырмыз. Салық төлеп отырмыз. Барлығы ашық. Қаржылық жағы жасырын емес.

– Әріптесіңіз, Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнара Бажкенова мемлекеттік аппаратпен, солармен байланысы бар адамдармен компромиске келгенім бар еді кезінде, соның зардабын қазір тартып отырмын деген пікір айтты. Ол кісі де соңғы кезде қудалау туралы айтып жатыр ғой. Сіз "Ұлысмедиа" құрылғалы бері мұндай келісімдерге бардыңыз ба?

– Жоқ, мен ешқандай компромиске барған жоқпын. Әлі күнге дейін 100 пайыз құрылтайшысы өзіммін. Басқа медиаларда бірнеше құрылтай бар ғой, менде өзім 100 пайыз құрылтайшымын, өзім жетекшімін, өзім бас редактормын. Жүгіріп жүріп жұмыс істеп жүрген кішкентай ғана медианың бірімін деп санаймын. Бір үлкен саяси ойындарға, үлкен саяси топтарға ешқандай қатысым жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қысым құралы ма, ашықтық па? Қазақстан да "шетел агенті" заңын жазбақ