Әуе шабуылының нысаналары
Израильдің әскери ұшақтары жұма, 13 маусымға қараған түні Иранға шабуыл жасады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху халқына жасаған видеоүндеуінде бұл шабуыл "Иранның ядролық бағдарламасының қақ жүрегін" нысанаға алғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Иранның ядролық физик ғалымдары да нысанаға алынған.
Израиль үкіметі Тегеранның қарымта шабуылына дайын болу үшін елде төтенше жағдай енгізді.
Премьер-министр Нетаньяху видеомәлімдемесінде Иранның ядролық бағдарламасы "Израильдің өмір сүруіне тікелей қатер төндіретінін" айтып, бұл операция "Иран тарапынан төнген қатер толық жойылғанша" жалғасады деп мәлімеді.
"Біздің бірінші шабуылымыз өте сәтті болды", – деді ол видеоүндеуінде.
Жұма күні Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары ел астанасы Тегеранның түрлі бөлігінде жарылыстар болып, ғимараттар мен өзге де мүліктер қирағанын хабарлады.
The New York Times басылымының Израиль үкіметіндегі дереккөздерінің айтуынша, шабуыл Иранның ядролық бағдарламасы үшін аса маңызды нысандарға жасалған.
Израиль Иранда аз ғана уақыт ішінде жойқын қару жасауға мүмкіндік беретін байытылған уран бар деп есептейді.
Израиль әскери ұшақтары Ирандағы уран байыту зауыттары орналасқан Тегеран, Тебриз, Керманшах, Исфахан, Нетенздегі нысандарға шабуылдаған. Тегеран мен қала төңірегінде кемінде алты әскери база мен Иранның жоғары әскери қолбасшыларының екі тұрғын үйі шабуылға ұшыраған.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Израиль Тегераннан 225 шақырымда орналасқан Нетенз уран байыту кәсіпорынын нысанаға алғанын растады.
"МАГАТЭ Ирандағы алаңдатарлық жағдайды жіті бақылап отыр. Агенттік мақсатты шабуыл жасалғандардың арасында Нетенздегі нысан да болғанын растайды. Агенттік Иран билігімен радиация деңгейіне қатысты байланыста отыр. Бұған қоса біз елдегі инспекторларымызбен де хабарласып отырмыз", – деп жазды МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Х-әлеуметтік желісіндегі парағында.
Шабуыл құрбандары
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары шабуылдан қаза тапқандар арасында Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы, генерал Хосейн Салами бар деп хабарлады. Сақшылар корпусы бұл хабарды растады.
Бұған қоса Иран қарулы күштері бас штабының бастығы Мохаммад Багери мен сақшылар корпусының "Хатам әл-Әнбия" деп аталатын әскери база жетекшісі Ғалам Әли Рашид те қаза тапты деген ақпарат тарады.
Иран мемлекеттік телеарнасы Израильдің түнгі шабуылынан тұрғын үйлер де қирап, бейбіт халық зардап шекті деп хабарлады.
"Шабуылдан кейін 50-ге жуық адам [Тегерандағы] "Чамран" ауруханасына түсті, олардың кемінде 35-і – әйелдер мен балалар", – деді телеарна.
Бейбіт халық арасында қаза тапқандар жайлы әзірге ешқандай дерек жоқ.
Жұма күні мемлекеттік баспасөз Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар кемінде алты ғалым қаза тапқан деген ақпарат таратты.
"Ғалымдар Абдолхамид Минучехр, Ахмадреза Зулпығари, Әмірхоссейн Феки, Моталлеблизаде, Мохаммад Мехди Техранчи және Ферейдун Аббаси шейіт болды", – деп жазды Tasnim ақпарат агенттігі.
Ядролық қару бойынша маман Ферейдун Аббаси бұрын Иранның ядролық энергия жөніндегі ұйымын басқарған.
Ақпарат құралдары Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани ауыр жараланған деген хабар таратты.
АҚШ-тың ұстанымы
Израильдің Иранға шабуылынан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп "Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейтінін" тағы да қайталап, Вашингтон Тегеранмен келіссөзді қайта жалғастыруға әлі үмітті екенін айтқан. Трамп бұл сөзін Fox News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады телекомпания тілшісі Дженнифер Гриффин Х-әлеуметтік желісінде.
Журналистің жазуынша, телефоннан алынған сұхбатта АҚШ президенті: "Иран ядролық бомбаға ие болмауы керек, біз келіссөзге қайта ораламыз деп үміттенеміз. Көреміз. [Иран] басшылығында кейбір адамдар бар, олар енді келіссөзге қайта келмейді", – деген.
Гриффиннің сөзінше, Трамп АҚШ Израильдің Иранға шабуыл жасайтынын алдын ала білгенін, бірақ бұл операцияға қатыспағанын айтқан.
АҚШ пен Иран өкілдерінің қатысуымен келіссөздің кезекті, сәуір айынан бері алтыншы кезеңі осы демалыс күндері Оман елінде өтуге тиіс болған, деп жазды америкалық БАҚ. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзде араағайын болып жүрген Оман билігі Израильдің Иранға жасаған шабуылын айыптап, "бұл әрекеттер жағдайды шиеленістіріп, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретінін мәлімдеді деп жазды британдық ВВС.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израильдің Иранға қарсы операциясына АҚШ қатыспағанын айтты. Оның сөзінше, Израиль Вашингтонға бұл "өзін-өзі қорғау әрекеті" екенін жеткізген.
Израиль Иранға шабуыл жасардан бірнеше сағат бұрын президент Дональд Трамп "бұл [шабуыл] Иранның ядролық бағдарламасын дипломатиялық жолмен шешу мүмкіндігін мүлде азайта түседі" деп ескерткен еді. Ол Вашингтон мәселені дипломатиялық жолмен реттеуге болады деп үміттенетінін айтып, Израильді Иранға шабуыл жасамауға үндеген.
Axios басылымы дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ осы шабуылдарға тікелей қатыспайтыны жөнінде Израильді хабардар еткен деп жазды.
"Қатты опық жейтін болады"
Жұма күні күндіз Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) баспасөз хатшысы Эфи Дефрин "Иран Израильге қарай шамамен 100 дрон ұшырды" деп мәлімдеді.
"ЦАХАЛ бұл дрондарды ұстау және жою мақсатында жұмыс істеп жатыр", – деді Эфи Дефрин.
Ол журналистерге өткен түні Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылына 200 жойғыш ұшақ қатысып, Иран аумағындағы шамамен 100 нысанаға шабуылдағанын хабарлады. "Шабуыл нәтижесінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы қаза тапты", – деді Дефрин.
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи "Израильден кек қайтарамыз" деп мәлімдеп, Израильді "қатаң жаза" күтіп тұр, "қатты опық жейтін болады" деді.
Бұған дейін Иранның қарулы күштері Израильдің шабуылына "батыл қарымта болады" деп мәлімдеген. Хаменеи әскердің іс-әрекетіне толық еркіндік беретінін айтты.
Иранның қарымта шабуыл жасауынан қауіптенген Израиль елде төтенше жағдай жариялады. Қазір Израиль мен Иранның әуе кеңістігі жабық.
ПІКІРЛЕР